Қазақстандағы мейіргер ісі

Денсаулық сақтау жүйесінің құрамдас бөлігінің бірі – мейіргерлердің сансыз армиясымен ұсынылған және халықтың сапалы медициналық қызметтерге қажеттілігін қанағаттандыру үшін айтарлықтай кадрлық әлеуеті бар мейіргер қызметі болып табылады.

2018 жылдың соңындағы жағдай бойынша, республика өңірлерінің Қоғамдық денсаулық басқармаларының (ҚДБ) деректері бойынша, республикада орта медициналық қызметкерлердің жалпы саны 136564 адамды құрады, соның ішінде 94063 (68,9%) мейіргер ісінің маманы, олардың ішінде ТжКБ білім деңгейі бар мамандар – 93441 (99,34%), қолданбалы бакалавриат – 299 (0,32%), академиялық бакалавриат – 323 (0,34%). 2018 жылдың соңында республика бойынша мейіргер ісі мамандарымен қамтылу 10 мың тұрғынға шаққанда 51,13-ті құрады. Бұл ретте, республиканың 10 мың тұрғынына шаққанда ТжКБ деңгейі бар медициналық мейіргерлермен қамтылу – 50,8-ді, қолданбалы бакалавриат деңгейі бар мейіргерлермен қамтылу – 0,16-ны құрады.

Денсаулық сақтау саласы кадрларының ең көп тобының әлеуетін, әлемдік денсаулық сақтау жүйелерінің озық тәжірибесін назарға ала отырып, Қазақстанның мейіргер қызметін дамыту республиканың бағдарламалық және нормативтік құжаттарының негізгі бағыттарының біріне айналды: Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2013 жылғы 20 желтоқсандағы № 190-ө өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының кадр ресурстарын дамыту жөніндегі іс-шаралардың 2013-2016 жылдарға арналған кешенді жоспары, «Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру бойынша 2014 – 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 1 шілдедегі №752 қаулысы, 2019-2021 жылдарға арналған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» ұлттық жобасы.

Көрсетілген бағдарламалық құжаттарды іске асыру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі нәтижеліліктің нақты индикаторлары мен оларға қол жеткізу мерзімдері бар елдің мейіргерлік қызметін жүйелі өзгертуді көздейтін бірқатар нормативтік құжаттарды қабылдады. Сонымен қатар, 2013 жылдан бастап Финляндия, JAMK қолданбалы ғылымдар университеті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мейіргер қызметін дамыту жөніндегі стратегиялық серіктесі болып табылады. Фин әріптестерінің техникалық және консультациялық қолдауымен мейіргерлерді даярлаудың қолданбалы бакалавриат деңгейінен PhD докторантурасы деңгейіне дейінгі жаңа бағдарламалары енгізілуде, тәжірибелік денсаулық сақтау ұйымдарында мейіргерлік қызметтің жаңа моделін енгізу бойынша пилоттық жобалар іске асырылуда.

Қазақстан үшін мейіргер ісі жүйесін дамыту оның білім берудің барлық деңгейлерінде дамуын, білім деңгейіне сәйкес әртүрлі лауазымдық позицияларда мейіргер ісі мамандары институты тәжірибесінің енгізілуін, дәрігерлер мен әртүрлі деңгейдегі мейіргерлер арасындағы функционалдық міндеттерді қайта бөлу мен айқын ажыратуды, тең құқықты дәрігерлік және мейіргерлік ұйымдық құрылымдары бар медициналық ұйымдарда жұмыс істеудің жаңа тетіктерін енгізуді, мейіргер ісі мамандарының тіркелімі мен мейіргер құжаттамасын енгізуді, инновациялық мейіргерлік технологияларды енгізуді, заманауи мейіргерлік дәлелді тәжірибені дамытуды және мейіргерлік ғылымды дамытуды білдіреді.

Меню